Білім беру жүйесі – қоғам дамуының негізі. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін қазіргі өмір талаптарына сай оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, оларды жан – жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты міндеттерінің бірі. Қазіргі заманда «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтпақшы, шәкіртіне тәлім – тәрбие беруден жалықпайтын, білімді, мәдениетті, озық технологияларды толық меңгерген, әлемдік білім беру кеңістігіне құлаш ұрған жаңашыл ұстаз ғана ұлағатты ұрпақ тәрбиелей алатыны белгілі. Бүгінгі күнгі жаңартылған бағдарламаның мазмұны жеке тұлғаны қалыптастыру, оның функционалды сауаттылығын арттыру. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Бәсекеге қабілетті маман – креативті ойлай алатын, кез келген тақырыпта өзіндік ой – пікірі бар, сыни тұрғыдан қарап, ұтымды жауап бере алатын адам. Ал мұндай жеке тұлғаны қалыптастыру міндеті ұстаздар қауымына жүктелетіні белгілі. Аса жауапкершілікті істе ұстаздардың қызметі орасан зор.
Осыған орай 23-қараша күні Көкшетау қаласында жас мамандар арасында өткен облыстық "Педагогикалық дебют" форумы өткізілді. Бұл іс-шараға біздің колледжіміздің атынан қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Бекишева Динара Ермекқызы қатысты. Форумда білікті ұстаздар жас мамандармен тәжірибе алмасты.
Мұғалім жан-жақты жетілген, білімді, әдістемелік шығармашылығы мол, халықтық дәстүр, әдет – ғұрып пен салт-сананы кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Осындай іс – шаралар арқылы жас мамандарымыз шыңдала түспек, Қызығы мен қиындығы мол ұстаздың жолында жастарға табандылық пенен шыдамдылық тілейміз! Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.